Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2007 жылғы желтоқсанның 18-інде арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті.
Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген. Қарар қоғамды, оның ішінде отбасыларын, аутизмнен зардап шеккен балалар туралы хабардар ету үшін барлық шараларды қабылдауға ұсыныс береді.
Аутизм — (гр. autos - өзім) - адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл- күйі. Бұл терминді 1912 жылы Э. Блейлер адамның ішкі эмоциялық кажеттіліктерімен реттелетін және шынайы әрекеттерге тәуелділігі шамалы аффективтік саланың айрықша түрін белгілеу үшін енгізген. Аутист балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Математика және музыкадан дарынды, бірнеше тілдерді меңгеруі де мүмкін. Бірақ бұл қасиеттер әдеттегі жастан кейінірек байқалады. Сондықтан да бұндай балалар арнайы интернаттарда емес, кәдімгі жанр ортасында тәрбиеленуі қажет.
Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (БЕА) синдромы дейді.Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін.